Бүгін, 18 тамызда Алматыда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) IV Халықаралық жастар фестивалінің ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шара барысында қалаға «2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесі берілді, деп хабарлайды наш сайт.

Іс-шараға ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева , Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және ТМҰ-ға мүше елдердің белсенді жастары қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады.

“Алматы – азаттығымыздың алтын бесігі, жасампаз жастардың құтты мекені. Өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан көптеген ұлы тұлғаларымыз осы қалада өсіп-өнген. Шын мәнінде, төл мәдениетіміздің темірқазығына айналған шежірелі шаһар қазақ елінің ғана емес, түркі мемлекеттерінің де рухани ордасы саналады” делінген құттықтау хатында.

Салтанатты іс-шара аясында бауырластықтың, сенім мен жаңа мүмкіндіктердің нышанына айналған жастар астанасы кілтін 2024 жылғы жастар астанасы – Ленкорань қаласы, Әзербайжан елінің өкілдері Алматы жастарына табыстап, бауырластық эстафетасын жалғады.

Айта кетейік, халықаралық фестиваль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр.

Фестиваль екі күнге жалғасып, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген делегаттар жастар саясаты, кәсіпкерлік, азаматтық белсенділік және әлеуметтік бастамаларды дамыту тәжірибелерімен бөліседі.

Сондай-ақ жас көшбасшылар мен кәсіпкерлердің кездесуі өтеді.