Ғалымдар қазақ тілінде баламасы бар сөздердің қазақша қолданылуы дұрыс деп есептейді.
ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр "Мүфтият мінбері" Youtube бағдарламасында қоғамда "иншалла", "машалла", "ақи" сынды араб және парсы сөздерінің қолданылуының сәнге айналуына қатысты пікір білдірді.
Төрәлі Қыдырдың айтуынша, Ислам да ғылымның бір саласы. Сәйкесінше, исламтанудың да намаз, ораза, зекет деген сияқты өз ұғым, атаулары бар.
"Ал "иншалла", "машалла" сөздерінсіз-ақ өмір сүрдік қой" деген мәселеге келетін болсақ, тура осындай жағдай бір ғасыр бұрын болған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басын біз үмбеттіктен ұлттық деңгейге өткен кезең деп қарастырамыз. Жалпы, ХХ ғасырдың басын "ояну ғасыры" деп атайды. Сол кезде Иранда әдебиетімізді араб сөздерінен тазартамыз деген академия жұмыс істеді. Ататүріктің кезеңінде де Түркияда да әдебиет пен тілді араб, парсы сөздерінен тазарту процесі жүрді. Сөйтіп, қазіргі түрік тілі қалыптасты. Сол секілді ХХ ғасырдың басында араб және парсының кірме сөздерін жазба әдебиеттен алып шығу мәселесі бізде де болған", – деп түсіндірді әдебиеттанушы ғалым.
Оның айтуынша, дәл сол секілді процесс қазір де жүріп жатыр. Бірақ, қоғамның қытығына тиетіні – бабалар қолданған сөздердің қайта қолданылуы емес, олардың сингармонизм заңдылығына бағындырмай айтылуы.
"Мысалы, жазба әдебиетімізде, фольклорымызда бар "Алла" деген сөзді "Аллаһ" деп жаза бастадық. Ал қазақ "Алла" деп атаған. Сосын "брат" дегенді "ақи" дейтіндер көбейді. Ол сөздің бізде баламасы бар ғой. Онда біз оны қабылдамаймыз. Баламасы жоқ болса, біз ислами ұғымдарды қабылдаймыз, бірақ бірінші сингармонизм заңына бағындырып алуымыз керек. Ал "иншалла", "машалла" сөздерінің жөні бөлек. Жазба әдебиетімізде бар ма? Бар. Абайдың заманына дейін қолданылған. Тек атеистік кезеңде архаизмге айналды. Әрине, бұл сөздердің бізде баламасы да бар, мәселен "Бәрекелді" деген. Бірақ, оның түбін де қарасаңыз, арабтың "баракалла" сөзі шығады", – деді Төрәлі Қыдыр.
Сұхбатта бұл тақырыпта бас мүфти де пікір білдіріп, бұл мәселеде ең бастысы қазақ тілінің шұбарланып кетпеуіне мән беру керектігіне тоқталды.
Оқи отырыңыз:
"Ифтар емес – ауызашар, сухур емес – сәресі". Бас мүфти діни терминдерді қазақша айтуға шақырды
Алматыда балаларға арабша есім беру әлі де сәннен қалмай тұр